Біз – тұтынушылардың қанша электр және жылу энергиясын тектен-тек жұмсап жатқанымызды елестетудің өзі қиын. Ал бірақ әрбір киловатт, әрбір гигакалорий – қып-қызыл ақша ғой. Бір жағынан, тұрмыста энергия үнемдеудің өте қарапайым айла-тәсілдері бар, демек ол – өзіңіздің артық шығыныңыздың жолын кесудің жолдары бар деген сөз.
Жылу мен электр энергиясын үнемдеу үшін бірқатар қарапайым ережелермен қарулансаңыз, жетіп жатыр.
ҚЫС ШАНАҢДЫ ЖАЗ САЙЛА
Алдағы жылу беру маусымына ерте қамданған абзал. Қыстыгүні пәтеріңіз жылы болуы үшін төмендегідей бірқатар шараларды атқарыңыз:
- жылу батареяларының іші мен сыртын тазалаңыз. Егер ішін тазалау шарасы көмектеспесе, ескі батарея радиаторын ауыстыру жайлы ойланғаныңыз жөн. Мүмкіндігінше, заманауи, тиімді батареяларды орнатқаныңыз дұрыс.
- батареяларды декоративті плита, панельдермен жабудың қажеті жоқ. Оны былай қойғанда, батареяларды пердемен бүркемелеу де артық, өйткені ол жылу берілісін 10-12%-ға төмендетеді. Батареяларды ашық орналастырып, одан бөлмеге қарай жылы ауаның еркін айналуына жағдай жасау керек. Жиһаздар радиатордан кем дегенде 15 см қашықтықта орналасуы қажет. Жылу радиаторының артына жылу шағылыстыратын қарапайым фольга не пенофол экранын орнату арқылы пәтер жылуын 1-2°С-қа арттыруға болады.
- 40-70% жылу шығыны әдетте, есік пен терезеден болады. Терезелерге қосымша жылу қаптамасын орнату не заманауи пластик, болмаса ағаш терезелерді орнату бөлме температурасын 4-5°С-қа арттырады. Әйнектелген балкон да пәтерді жылытуға көмектесіп, жел-ызғырықтан қорғайды. Кіреберіс есіктен кететін жылуды сақтаудың тағы бір мықты тәсілі – қосымша тағы бір есік орнатып, жылу оқшауландыратын тамбур жасау болып табылады. Бұл бөлме температурасын тағы 2-3°С-қа арттырады.
- егер сіздің пәтеріңіз бірінші қабатта не суық жердің үстіне орналасқан болса, еденді жылыту үшін оның астына минералды мақта, гидрофробты пенопласт не полистирол қабатын төсесеңіз болады. Ағаш (паркет) едендер линолеумнен гөрі әлдеқайда жылы. Ал кілем оның жылуын арттырып, жайлылық та береді. Жылу сақтауға аспалы төбе немесе төбеге арналған түрлі декоративті плиткалар мен панельдер орнатудың да көмегі зор.
ШЫҒАРДА, ЖАРЫҚТЫ ӨШІРІҢІЗ
Электр энергиясы үшін берілетін квитанциядағы төлемақыны азайтудың жолдары:
- сіздің пәтеріңіз электр энергиясынсыз-ақ жарық бола алады. Ашық түсті перде, түсқағаз, төбе, таза терезелер, терезе алдындағы гүлдер санының тым көп болмауы пәтеріңіз бен кеңсеңіздің жарығын арттырады, демек сіздің электр шамдарын қолдану уақытыңызды қысқартады. Бұдан бөлек, бөлме қабырғалары жарықты қаншалықты жақсы шағылыстырса, сіздің пәтеріңізді электр шамдарының соншалықты төмен қуаты да жарық ете алады. Тегіс, ақ түсті қабырға өзіне бағытталған жарықтың 80%-ын шағылыстырса, қанық жасыл түстісі бар болғаны 15%-ын шағылыстырады.
- электр шамдары мен плафондардың шаң-тозаңын сүртіп отыру жарық беру құралының тиімділігін 10-30%-ға арттырады. Әсіресе, ас үйдегі шамдар мен өзге жарық беру құралдарын тез шаң басып қалады.
- пәтерде құрамдастырылған жарық беру жүйесін қолдану (жалпы және жергілікті). Бұл жүйені тиімді әрі дұрыс қолдану нәтижесінде, аумағы 18-20 м2 бөлмеде жылына 200 кВт*с электр энергиясын үнемдеуге болады.
- жарық реттегіш және жарық беруді автоматты басқару жүйесін орнату. Егер бөлме тым жарық болса, оны бәсеңдетуге болады. Бұдан бөлек, жарық беруді автоматты басқару жүйесі дыбыс пен қозғалысқа негізделген арнайы датчиктер көмегімен жарықты қосып-өшіруге, оның қуатын арттырып-төмендетуге мүмкіндік береді.
- қыздыру шамдарын заманауи энергия үнемдеуші люминесцентті шағын шамдармен ауыстыру. Бұл пәтерді жарықтандыруға жұмсалатын электр энергиясын 5-6 есе азайтуға мүмкіндік береді. Заманауи энергия үнемдеуші шамдар 10 мың сағат қызмет етсе, қыздыру шамдары орта есеппен 1,5 мың сағат, яғни 6-7 есе кем қызмет етеді. 11 Вт-тық люминесцентті шағын шамдардың жарық беруі 60 Вт-тық қыздыру шамдарымен тең.
- сіз өзіңіз жоқ уақытта не жарықтың қажеттілігі жоқ кезде жарықты өшіруді ұмытпаңыз. 100 қыздыру шамы бір сағатта бірнеше келі көмір немесе бірнеше литр мұнайды «жеп» қоятынын ұмытпаңыз. Сондай-ақ, жарықты өшірген кезде тетікті жиі басудан шамдардың тез күйіп кететіні де бар. Ал жаңа шамды жасауға сіз жарықты өте қысқа уақытқа өшіргеннен үнемдейтін қаражаттан артық шығын кетеді. Ендеше, егер алдағы 10 минутта ғана сізге жарық қажет болмаса, қыздыру шамын өшірудің маңызы бар ма?
- тұрмыстық электр құралдарын тиімді пайдалану. Тұрмыстағы ең қажетті көмекші бұл құралдар әдетте электр энергиясы төлемақыларының тым жоғары болуына себепкер болып жатады. Әрине, егер оны тиімді пайдаланбасаңыз. Ал егер техниканың энергия үнемдеуші түрлерін пайдаланып, оны қажет емес кезде өшіріп қойып, олардың қызмет ету жағдайын ұдайы бақылап отырсаңыз, артық электр энергиясының жұмсалуына тосқауыл қоюға болады.
ЭНЕРГЕТИКТЕР НЕ ДЕЙДІ?
Энергия үнемдеу шараларын насихаттауға солтүстік қазақстандық, оның ішінде «Севказэнергосбыт» ЖШС энергетиктері де белсенді кіріскен. Энергиямен жабдықтаушы мекеме электр энергиясын тиімді пайдалану және тұрмыстағы энергия тиімділігі жөнінде тұрақты түрде ақпараттық кампания өткізіп тұрады. Нақтылайтын болсақ, олар – жалпыүйлік жылу энергиясын есептеу құралдарын орнату жөнінде, сондай-ақ, электр энергиясының сараланған тарифтері жөнінде түсіндірме жұмыстарын қдайы жүргізіп тұрады.
Тәулік белдеулеріне орай сараланған тарифтер желілерді пайдаланудың тиімді режимдерін қамтамасыз ету, энергияны біркелкі пайдалану мен энергия көздерінің қысым графигін реттеу есебінен энергия үнемдеуге ныталандыру мақсатында қолданылады. Бұл шара үздіксіз энергиямен қамтуға қажетті жағдай жасауға бағытталған. Ол белгіленген мерзімге тәулік белдеулеріне орай көрсеткіштерге ие электр энергиясының есеп құралдарымен жабдықталған тұтынушыларға қолданылады.
Тәулік белдеулеріне орай сараланған тарифтер тұтынушыда электр энергиясының көптарифті есеп құралы болған жағдайда қолданылады. Көптарифті есеп құралдарын орнату электр энергиясын түнгі мезгілде қолданып, сол үшін электр энергиясының ақысын жеңілдетілген тариф бойынша төлеуге ынталандырады.
«2009-2013 жылдар аралығында Петропавл қаласында көпқабатты тұрғынүйлерге арналған 71 жалпыүйлік жылу энергиясының есеп құралы орнатылды. 2012 жылы 1 қазанда жылу энергиясының есеп құралы бар және жоқ тұтынушылар тобына қарай енгізілген сараланған тарифтер жалпыүйлік жылу энергиясының есеп құралын орнатуға экономикалық серпін берді. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысы – Қазақстан Республикасы аймақтары ішінде біріншілердің қатарында болып электр энергиясының тәулік белдеулеріне қарай және жеке тұлғалардың тұтынған энергия мөлшеріне қарай сараланған тарифтерді енгізді. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда 11 431 көптарифті электр энергиясын есептеу құралы орнатылды», – дейді «Севказэнергосбыт» ЖШС директоры Мағауия Сағындықов.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі