20 ақпан күні Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов Солтүстік Қазақстан облысына жасаған сапары барысында агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Марат Мұстафинмен бірге «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің қайта жаңғыртылған қызмет көрсету орталығы мен оның жанынан құрылған тұтынушыларға қызмет көрсететін Байланыс орталығында болды.
Мұрат Оспановты жаңаланған қызмет көрсету орталығының жұмысымен «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Басқарма Төрағасы Еділ Көпенов таныстырды.
Қонақ назарына Петропавл мен облыс аудандары тұтынушыларына қызмет көрсетуге арналған көпсалалы операциялық зал ұсынылды. Мұнда кез-келген адам өзіне қажетті терезеге барып, өте қысқа уақытта әрі қолайлы түрде қажетті қызметін пайдаланып не кеңес ала алады. Ал электронды кезек жүйесі тұтынушыларға қызмет көрсетуді ұйымдастыруға жағдай жасап, маман жауабын ұзақ уақыт күтіп қалуды болдырмайды. Сондай-ақ, электронды мониторинг жасау құралы арқылы қызмет көрсету сапасын бақылауға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін ҚР ТМРА басшысы Мұрат Оспановқа Байланыс орталығының жұмысы таныстырылды. Оның басты қызметі – тұтынушыларға энергиямен қамту мәселелері жөнінде қызмет көрсету болып табылады.
– «Севказэнергосбыт» ЖШС жаңа Байланыс орталығының басты артықшылығы – тұтынушыларға жоспарлы және жоспардан тыс электр және жылу энергиясының берілуін тоқтату жайлы кез-келген ақпаратты жылдам бере алатындығы болып табылады. Байланыс орталығының бірегей нөмірін теріп, біздің тұтынушылар энергияны беруді тоқтату себептері және ақауды жөндеу мерзімі жайлы толық ақпарат ала алады. Ал апаттық жағдайлар орын алған кезде, тұтынушылардан түскен мәліметтерді Байланыс орталығының операторлары энергия тасымалдаушы мекемелердің тиісті диспетчерлік қызметіне жолдайды, – дейді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Басқарма Төрағасы Еділ Көпенов.
Байланыс орталығы әрбір түскен қоңырауға кезек тәртібімен жылдам қызмет көрсетіп, тұтынушылардың біртипті сұрауларына интерактивті дыбыстық жауап (IVR) жүйесін қолданып, автоматты түрде жауап беруге, жылу және электр энергиясы есеп құралдарының көрсеткішін қабылдауға және өзге де қызмет түрлеріне мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, таяу уақытта Байланыс орталығында интеллектуалды дыбыстық пошта қызметі, тұтынушылар сұрауларының мәліметтер қоры, есесп құралдарының көрсеткіштерін SMS таратуды ұйымдастыру, облыс аудандары тұрғындарына қызмет көрсету, тұтынушыларды жоспарлы энергия беруді тоқтату жөнінде телефонограмма арқылы хабарландыру жүйелері енгізілмек.
Сапар соңында Мұрат Оспанов Байланыс орталығына түскен қоңырауға жауап беру рәсімін тамашалады. Жалпы, ТМРА төрағасы солтүстікқазақстандық энергетиктердің жұмысына жоғары баға берді.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі