Өткен сенбіде бүкіл әлем «Жер сағатын» атап өтті. Бұл акция аясында адамдар 1 сағат бойына үйінде, кеңсесінде, мәдени-тарихи ғимараттарда электр энергиясын өшіріп қойды. Шараға «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ да атсалысып, әкімшілік ғимараттарда жарық беруді бір сағатқа тоқтатты.
Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының халықаралық экологиялық акциясы жыл сайын наурыз айының соңғы сенбісінде адамдардың есіне климатта болып жатқан өзгерістерді салу үшін ұйымдастырылады. Негізгі міндет – халықтың назарын экология және энергия үнемдеу мәселелеріне аудару болып табылады.
«Жалпы, 29 наурыз, сенбі күні сағат кешкі 20.30-дан 21.30-ға дейінгі аралықта өткен «Жер сағаты» акциясында Петропавл 1,5 мегаватт электр энергиясын үнемдеді», – дейді қаланы жарықтандыру жүйесін қамтитын «Аварийная служба» ЖШС директоры Юрий Бацанов.
Петропавл қаласының көптеген тұрғындары бұл уақытта экологиялық жарық көзі – майшамдарды пайдаланды.
Еске сала кетейік, «Жер сағаты» акциясы Сиднейде (Австралия) 2007 жылы басталып, бір жылдан соң әлемдік экологиялық бастамаға ұласты. Бұл шараға атсалысатын елдер қатарында қазір Қазақстан да бар. 2013 жылы «Жер сағаты» акциясына әлемнің 150 елінен 2 миллиардқа жуық адам қатысты.
«ОАЭК» АҚ еншілес кәсіпорны
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі