2014 жылы 12 наурызда «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобының бұқаралық тыңдаулар сериясы «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ өкілдерінің 2013 жылғы жұмыс қорытындысы жайлы есеп беруімен жалғасты.
Шараға «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ бас директоры Александр Рейзлин, электр желілік компаниясы бас директорының көмекшісі Евгений Политкин, ТМРА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің жетекшісі Марат Мұстафин және жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Есептік жылы энергетиктер электр энергиясын беру және тарату қызметін ТМРА Солтүстік Қазақстан бойынша департаментінің бұйрығымен (26.11.2012 ж. №231-ОД) бекітілген тариф бойынша салыстырмалы талдау әдісін қолданып, 1 кВтс-қа 3,228 теңге (ҚҚС қоспағанда) көлемінде көрсетті .
Осылайша, 2013 жылы компания желілері бойынша электр энергиясын беру және тарату бойынша көрсетілген қызмет көлемі 1181,6 млн. кВтс құрады. Энергетиктердің сөзінше, бұл көрсеткіш тарифте бекітілген деңгейден 9,5 млн кВтс-қа (немесе 0,8%-ға) төмен. Себеп – тұтынушыларға бастапқыда тапсырыс берілген электр энергиясы көлемінен аз көлемде энергияның берілуі.
«2013 жылы электр желілік компания ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына 181,7 млн. теңге жұмсады. Бұл 2012 жылғы қаржы көлемінен 27,2 млн. теңгеге артық. Үстіміздегі жылы біз ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары аясында 184,5 млн. теңге көлеміндегі қаражатты игеруді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, біз 2012-2013 жылдарға жоспарланған, жалпы бюджеті 1 559,4 млн., оның ішінде 2013 жылғы бөлігі 857,2 млн. теңге болатын инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруды аяқтадық. Есептік жылы инвестициялық бағдарлама аясындағы шараларды орындауда 873,9 млн. теңге игеріліп, жоспар 102 пайызға, яғни 16,7 млн. теңгеге артық орындалды. Негізгі құрылғыларды қайта құру және техникалық қайта жарақтандыруға 483,7 млн. теңге жұмсалды. «Энергияны үнемдеу» бағыты бойынша 303,1 млн. теңге игеріліп, оның ішінде Электр энергиясы коммерциялық есеп жүйесін қолданысқа ендіруге 180,9 млн. теңге жұмсалды. Бұдан бөлек, 87,1 млн. теңгеге негізгі құрылғылар (кешенді трансформаторлық қосалқы станциялар, арнайы автотранспорт, оргтехника, электр өлшеуші құралдар) сатып алынды», – дейді «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ бас директоры Александр Рейзлин өз баяндамасында.
Атап өту керек, инвестициялық бағдарлама аясындағы шараларды қаржыландыру энергетиктердің өз есебінен, яғни, амортизациялық аударымдар мен табыс есебінен жүргізілуде. Нәтижесінде, электр желілеріндегі апаттық жағдайлар саны азайып, тұтынушыларды электрмен қамтамасыз ету сенімділігі артты. 2012 жылмен салыстырғанда, компанияның электр желілеріндегі технологиялық ақаулар саны 26,9%-ға кеміп, негізгі құрылғылардың ескіру деңгейі 2013 жылдың басында 75,2%-ға және жыл соңында 73,8%-ға төмендеді. Нормативті техникалық шығындардың нақты деңгейі 2013 жыл қорытындысы бойынша бекітілген деңгейден аспай, 13,45% жоспарында 11,18%-ды құрады. 2013 жылы электр желілерінде нормативтен тыс шығындар орын алған жоқ.
Жалпы алғанда, энергетиктер мен жұртшылық диалогының екінші күні конструктивті түрде өтті. Тұтынушыларды электр энергиясы есеп құралдарын орнату тәртібі мен қызмет ұсынушылармен келісім-шарт жасасу тәртібі қызықтырды. Энергетиктер барлық сұрақтарға тұщымды, толыққанды жауап берді.
«ОАЭК» АҚ еншілес компаниясы
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі