Энергетиктер кезекті рет Петропавл қаласының оқу орындарында болып, болашақ түлектерді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ кәсіпорындар тобының бос орындарына жұмысқа шақырды.
Солтүстік қазақстандық энергетиктер жас мамандарға айрықша көңіл бөледі. Өйткені, жастар – компания болашағына қомақты үлес қоса алады. Оқу орындарының түлектерін жұмысқа шақыру үшін «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ мамандары жыл сайын студенттермен кездесіп, аймақтағы ең ірі энергетикалық компаниялардың біріне жұмысқа орналасу шарттары жайлы әңгімелеп береді.
«Біз қазірге дейін энергетика саласының болашақ мамандары білім алып жатқан Петропавл теміржол транспорты колледжі, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжі және Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінде кәсіби бағдарлау дәрістерін оқыдық. Бұл жас азаматтар бізге келген жағдайда жан-жақты қолдау жасаймыз. Біздің компанияда жаңа қабылданған қызметкерді бейімдеу және оған жетекші тағайындау жүйесі жұмыс жасайды. Бұдан бөлек, қауіпсіз еңбек шарттарын, денсаулығына қамқорлық, лайықты еңбекақы, кәсіби өсім және толық әлеуметтік пакет ұсына аламыз», – дейді «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ ұйымдық даму жөніндегі жетекші маманы Елена Пальянова.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-нда бүгінде 2,5 мың маман қызмет етеді. 2013 жылы ғана компанияға оқу орындарының 40-қа жуық түлегі қызметке орналасты. Студенттердің оқу орнын бітіргені жөніндегі дипломдарын жазда алатынына қарамастан, энергетиктер бүгіннің өзінде оларға Петропавл 2-ЖЭО-нда және «Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясында» 24 бос орынды ұсынуға әзір.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі