«Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ-нан кейінгі кезекте 2014 жылдың 13 наурызында тұтынушылар алдыда «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС өкілдері есеп берді. Бұқаралық тыңдаулардың тақырыбы бұрынғыша – Солтүстік Қазақстан энергетиктері жұмысының 2013 жылғы жұмысының қорытындысы және «СЕВКАЗЭНЕРГО» кәсіпорындар тобының инвестициялық міндеттемелерін орындауы болды.
Шараға ТМРА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департамент басшысы Марат Мұстафин, «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС бас директоры Қуандық Кеңесбаев, жылу беру мекемесінің бас инженері Александр Захарьян және жұртшылық пен БАҚ өкілдері қатысты.
Петропавл қаласы және жалпы республика бойынша басқа қалалардың да жылу желілерінің жағдайы көңіл көншітерлік емес екендігі жасырын емес. Солтүстік Қазақстан облысында жылу желілері кәсіпорнының негізгі құрылғыларының ескіруі күн тәртібінен түспеген мәселе. Бұл аймақта елдің басқа өңірлерімен салыстырғанда, жылу беру маусымы да ұзақ, ауа райы да аязды. Осылайша, 2013 жыл қорытындысы бойынша, «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС-нің жылу энергиясы шығындары 28,56% немесе 504,4 мың Гкал құрады. Жылу энергетиктерінің айтуынша, құбырлардың қызмет ету мерзімінің тым қысқаруына оларды жылдам коррозияға ұшырататын жерасты суларының ықпалы зор. Осы себептен де «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС бірнеше жылдан бері облыс орталығын жылумен қамту жүйесін жаңғырту және қайта құру ісінде алдын ала оқшауланған құбырларды қолданады. Бұл құбырлар полиэтилен қаптамадағы пенополиуретанмен оқшауланады. Аталмыш материалдың қолдану мерзімі – 30 жыл. Алайда оны сатып алуға жұмсалатын қаржылық шығын да аз емес. Дәл осындай оқшаулау жүйесі жерүсті жылу құбырларына да қолданылуда. Ескірген минерал мақталы қаптаманың орнына қымбат пенополиуретанды заманауи технология ауыстыруда. Жылу энергиясын тұтынушылар үшін де, кәсіпорын үшін де маңызы зор осы тектес мәселелер бұқаралық тыңдаулардың басты тақырыбына айналды.
«2013 жылы жалпы ұзындығы 8 км болатын магистралды және тарату желілерінің құбыры ауыстырылып, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 4,7 км-ден астам жалаңаштанған және қаптамасы зақымданған жылу желілерін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары орындалды. 2013 жылы негізгі құрылғыларды жөндеу жұмыстарына барлығы 356,6 млн. теңге жұмсалды. Бұл 2012 жылғы қаржы көлемінен 37,6 млн. теңгеге артық. Инвестициялық бағдарлама аясында кәсіпорын 2013 жылы 70,2 млн. теңге жұмсаса, 2014 жылы 200 млн. теңгені игеру жоспарланып отыр. 2014 жылға жоспарланған күрделі жөндеу жұмыстары 360,5 млн. теңге немесе 10,8 км. жылу трассасын құрайды», – деп атап өтті «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС бас директоры Қуандық Кеңесбаев.
Сондай-ақ, 2014 жылы жылу энергетиктері Петропавл қаласының жылумен қамту жүйесін дамытуға Еуропалық Қайта құру және Даму Банкінің қаражатынан 770,6 млн. теңге бөлуді жоспарлап отыр. Айта кету керек, бұл қаражат 2009 жылы банктен 2,4 млрд. теңге тартылғаннан бергі жылумен қамту жүйесін инвестициялаудың қосымша көзі болып табылады. Бұл жылы ЕҚДБ несиесі аясындағы жұмыстар аяқталмақ, себебі алынған қаражат толық игеріліп бітпек.
«Жылу жүйелері кәсіпорны жылумен қамту жүйесін жаңартуға жұмсап жатқан қаражат бүгінде ескіру деңгейі 70%-ға жеткен негізгі құрылғыларды тек сол қалпында ұстап тұруға ғана жетеді. Ескіру деңгейін төмендетуге бұл қаражат жетімсіз. Ол үшін, әлбетте, мемлекет көмегі қажет», – деп атап өтті ТМРА Солтүстік Қазақстан бойынша департаментінің басшысы Марат Мұстафин.
Тұтынушыларды жылу жүйелері кәсіпорнымен тығыз қарым-қатынас орнату мәселесі толғандырды. Петропавлдықтар өз үйлерін жылумен қамту мәселелерін қалай шешуге болатыны жөнінде сауалдар қойды. Жылу энергетиктері жиынға қатысушыларға бірнеше нұсқа ұсынды: қала тұрғындары өз мәселелері мен ұсыныстарымен тяауда ғана құрылған «Севказэнергосбыт» ЖШС Байланыс орталығының 500-666 телефонына хабарласып не Жұмабаев көшесі, 215А үй мекен-жайындағы Тұтынушыларға қызмет көрсету орталығына бара алады. Бұдан бөлек, апта сайын сейсенбі және бейсенбі күндері 16:00-18:00 аралығында кәсіпорынның бас директоры мен бас инженері азаматтарды қабылдайды. 52-26-77 телефоны бойынша алдын-ала жазылу арқылы кез-келген азамат өз мәселесімен «Петропавл Жылу Желілері» ЖШС басшылығына жолыға алады. Кәсіпорын жұмысы жайында толығырақ ақпарат алу үшін тұтынушы кез-келген уақытта «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ компаниясының www.sevkazenergo.kz ресми сайтына кіре алады.
«ОАЭК» АҚ еншілес компаниясы
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі