«Севказэнергосбыт» ЖШС мамандары электр және жылу төлемақыларынан жалтарушылармен күресте шекті әрекеттерге баруға мәжбүр. СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің сот орындаушылары енді заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, борышкерлердің мүлкін олардың қатысуынсыз-ақ тәркілеуге құқылы. Осылайша, Петропавлда таяуда сот орындаушылары жол полицияларымен бірге 3 борышкер тұтынушының автокөлігін «Севказэнергосбыт» ЖШС пайдасына тәркіледі.
Қалалық әкімдіктің айып тұрағына орналастырылған көлігін борышкерлер өз қарызын толық өтегеннен кейін ғана қайтара алады. Олай болмаған жағдайда автокөліктер аукционда сатылып, түскен қаржы қарызды өтеуге жұмсалады.
Көлікті тәркілеу сот шешімі бойынша жүзеге асырылады. Демек, энергетиктердің ісі заңды деген сөз. Бұл шара бүгінде 334,5 млн. теңгені құрап отырған қарызды азайту мақсатында жасалып отыр. Бұл ретте 1 «Мазда» және 2 «Фольксваген» автокөліктері тәркіленді. Борышкерлердің бірінің қарызы 100 мың теңгеден асып кетсе, екіншісінікі – 300 мың теңге көлемінде. Жалпы, облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департаментте мұндай 1000 шақты «Севказэнергосбыт» ЖШС пайдасына қарыз өндіру парақтары жатыр.
«Шектен шыққан борышкерлер саны 350-ге жуық. Бүгінгі таңда бір айдан астам уақыт бойы қарызын кешіктіргендердің жалпы қарыз көлемі электр энергиясы бойынша – 84,3 млн., жылу энергиясы бойынша – 96,6 млн. теңгені құрап отыр. Біз шекті әрекеттерге барумен қатар, қаржылық қиындықтарға тап болған тұтынушылардың алдынан шығып, олардың мәселелерін жеке қарастырып та жатырмыз», – дейді «Севказэнергосбыт» ЖШС тарату басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Омаров.
Бұдан бөлек, заңнамадағы соңғы өзгерістерге сәйкес, борышкерлер ай сайын сот орындаушыларға тіркеліп, өз қарыздарын адал түрде төлеп тұруға тиіс. Олай болмаған жағдайда азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қарыздың үстіне әкімшілік айыппұл қосылатын болады.
«Севказэнергосбыт» ЖШС мамандары атап өткендей, қарыздың өсуіне мемлекеттік мекемелер (58,3 млн. теңге), қаланың өндірістік мекемелері (76,7 млн. теңге), ауыл шаруашылығы ұйымдары (3,6 млн. теңге) және коммерциялық тұтынушылардың да төлемақысын өтемеуі әсер етіп отыр. Ең ірі бюджеттік борышкерлердің қатарында «Петропавл қаласы ТКШ, жолаушы транспорты және автомобиль жолдары бөлімі» (26,7 млн. теңге), «Халықаралық әуежай» АҚ (46,3 млн. теңге), «Есіл ауданы жанындағы «Қамқор» МКК» сынды басқа да мемлекеттік мекемелерді атауға болады.
«ОАЭК» АҚ еншілес компаниясы
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі