2014 жылдың 29 қаңтарында Петропавл қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы XII «Денсаулық» қалалық спартакиадасын қорытындылап, Солтүстік Қазақстан энергетиктері жеңімпаз тұғырынан көрінді. Жалпыкомандалық есепте қаланың өзге өндірістік кәсіпорындарынан алға озған «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ спортшылары лайықты түрде чемпион кубогына қол жеткізді.

Жыл бойы «СЕВКАЗЭНЕРГО» компаниялар тобының кез-келген сынға сақадай-сай спортшылары сәттілікке ұмтылды. Нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай, энергетиктердің еңбегі еш кеткен жоқ. Спортшылар «ПЗТМ» АҚ (2 орын), «ПЛВЗ» АҚ (3 орын), «Қызылжар Су» АҚ (4 орын), Оңтүстік Орал темір жолы Петропавл бөлімі (5 орын) мен «ЗИКСТО» АҚ (6 орын) артқа тастап, үздік шықты.

Айта кету керек, 2012 жыл қорытындысы бойынша, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ спорт әуесқойлары төртінші орынды ғана қанағат тұтқан болатын. Бұл жылы біріншілік кестесінің биігіне көтерілу үшін энергетиктердің өткен жыл өкінішінен қорытынды шығарып, барын салғандары аңғарылады. Оның дәлелі – спортшылардың шаңғы жарысы, жүзу, шахмат, жеңіл атлетика, боулинг сынды сайыстарда қара үзіп, топтан ерек үздік шығуы. Бұдан бөлек, энергетиктер қысқы балық аулау (2 орын), баскетбол (3 орын) және волейбол (3 орын) жарыстарында да жүлделі орындарды иеленді.

Жаңа спартакиада маусымының да аулы алыс емес. Онда қаланың ірі еңбек ұжымдары өз нәтижелерін жақсарту үшін барын салары анық. Ал энергетиктер үшін жауапкершілік екі есе күшейетін болды, олар енді чемпион атақтарын қорғап қалуға тиіс.

«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ
Қоғаммен байланыс бөлімі