«СЕВКАЗЭНЕРГО» компаниялар тобы үшін 2013 жыл жарқын оқиғаларға толы болуымен, қойылған мақсаттардың асқан нәтижелілікпен орындалуымен ерекшеленді. Жыл қорытындылары жайлы жергілікті энергетиктер 8 қаңтар күні, 2013-2014 жж. жылу беру маусымының өту барысы тақырыбында Солтүстік Қазақстан облысы әкімияты, жергілікті биліктің атқарушы және бақылаушы органдары өкілдерінің қатысуымен өткен селекторлық жиналыста әңгімелеп берді.
Расында да, өткен жылы «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бүкіл аймақтың экономикасы мен саланың дамуына оң әсер еткен бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырды.
2013 жылғы 22 мамырда «ОАЭК» АҚ мен Еуропа Қайта құру және Даму Банкі арасында құны 138 млн. АҚШ долларын құрайтын Кепілдік келісім-шартына қол қойылды. Бұл қаржының 9 млн. АҚШ доллары бөлігі «Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату Компаниясына» бөлінді. Тағы 40 млн. АҚШ доллары бөлігі әбден ескірген құрылғыларды жаңартып-жаңғыртуға, сондай-ақ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның 2-ЖЭО өндірісінің экологиялық стандарттарын жақсартуға жұмсалды.
Айта кеткен жөн, бұл – Компанияның қарыз ақша тартудағы алғашқы тәжірибесі емес. 2011 жылы ЕҚДБ бөлген 2,4 млрд. теңге қаражат «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС-інің жаңғырту бағдарламасын қаржыландыруға бағытталды. Бұл қаржының 700 млн. теңгеден астам бөлігін Петропавл қаласының жылу мамандары 2013 жылы игерді. Жылу жүйелері кәсіпорнының ең ірі жобаларының бірі – Абай көшесі бойындағы №2 жылу магистралінің құбырларын ауыстыру жұмыстары болды.
Жобаның бірінші сатысында 2013 жылы қайта құру жұмыстары №4 насос станциясынан бастап (Алтынсарин және Алматы көшелерінің қиылысы), Алматы, Горький, Абай көшелері арқылы ТК-2-23 жылу камерасына (314 атқыштар дивизиясы көшесі) дейінгі, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым болатын аумақта жүргізілді. Мұнда жаңа технологиялар қолданылып, пенополиуретанды қаптамадағы құбырлар салынды, бұл құрылғының ұзақ мерзім бойы қолданылуына жағдай жасайды. Магистраль толығымен қайта құрудан өткеннен кейін қала тұтынушыларын жылумен жабдықтау сапасы артып, жылу шығыны азаяды.
Дегенмен, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, жылу беретін мекеме құрылғыларының ескіруі 70 пайыз деңгейінде қалып отыр. Энергетиктердің сөзіне қарағанда, жағдайды өзгерту үшін кәсіпорын жыл сайын жылу жүйесінің 1,5 млрд. теңге шығынды қажет ететін 20 шақырымын ауыстырып отыру қажет. 2013 жылы жоспарлы және ағымдағы жөндеу жұмыстарын қосқанда, Петропавл қаласының жылумен жабдықтау жүйесін дамытуға 1,2 млрд. теңге жұмсалды.
2013 жылы сондай-ақ, республикалық маңыздағы шара – «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ 2-ЖЭО-нда №4 турбоагрегаттың тұсауы кесілді. Энергетиктердің айтуынша, жаңа турбинаның монтаж жұмыстары 2015 жылға дейін арналған Қайта құру және техникалық қайта жабдықтау инвестициялық бағдарламасы аясында мүмкін болған. Жаңа құрылғыны іске қосу станцияға электр энергиясын 63 МВт-қа, жылу энергиясын 96 ГКал-ға артық өндіруге мүмкіндік берді. Енді бір жылдағы электр энергиясының қосымша өндірісі 388,8 млн. кВт/с-қа жетіп, отын үнемі 63,7 мың тонна көмірге қысқарып, белгіленген электр қуатын пайдалану коэффициенті 81,45 пайызға артады. Жоба құны – 6,1 млрд. теңге. 2013 жылы қайта құру және дамыту жұмыстарына Компания 12,6 млрд. теңге жұмсап, электр энергиясын өндіру 2,6 млрд. кВт/с-қа жетті.
Бұдан бөлек, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ 2-ЖЭО-нда тағы бр ірі жоба – №8 жаңа қазандық агрегаттың монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Оны іске қосу 2014 жылдың мамыр айына жоспарланған. Бұл шара бу өндірісін сағатына 270 тоннаға арттырып, станция жұмысының үнемділігі мен сенімділігіне әкеледі, сондай-ақ, электр энергиясы өндірісін арттырады.
Өндіріс саласындағы жетістіктерден бөлек, энергетиктер қоршаған ортаның жағдайын да естен шығармай, өз жұмыстарының экологиялық аспектіне де ерекше көңіл бөледі. Осылайша, 2013 жылдың желтоқсан айында «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ 2-ЖЭО-нда құны 739 млн. теңгені құрайтын «№2 күл аулағыштың №3 секциясы» екінші кешені пайдалануға берілді. Бұл шара күл, шлак қалдықтарды қоршаған ортаға зиянын тигізбей, үздіксіз қоймалап, жіберіп отыруға кепілдік береді. Сондай-ақ, 2006 жылдан бері Петропавл 2-ЖЭО-ның барлық 11 станциялық қазандық агрегатында екінші буынды титан эмульгаторлар орнатылып, күл шығару 6 есе қысқарды (2008 жылы 20,7 мың тонна болса, 2013 жылы 3,4 мың тонна).
Осыған орай, Компания 20 желтоқсан күні Астана қаласындағы «Тәуелсіздік сарайында» Индустрияландыру күніне орай өткен «ПАРЫЗ» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі» аталымы бойынша алтын лауреаты атанды.
«Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату Компаниясы» үшін де 2013 жыл айрықша жыл болды. Электр желілері кәсіпорнының құрылғанына 50 жыл толып, бұл мерейлі датаға орай, энергетиктер өте жақсы нәтижелерімен сый жасады.
Жөндеу жұмыстары кампаниясы аясында «Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату Компаниясы» АҚ мамандары 1,2 мың шақырым әуе желілерін (220, 110, 35, 10, 0,4 кВ), 187 трансформатор қосалқы станциясын (35-220 и 10/0,4 кВ) қайта құрып, сондай-ақ, 10-0,4 кВ кабельді желілерде құны 139 млн. теңге болатын 419 байланыстырғыш және тұйықтағыш муфталарды орнатты.
Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарлама аясында Петропавл қаласы №8 тарату бекетінің ғимараты мен қондырғылары толықтай қайта құрылды; пайдалану мерзімі өткен қалалық 15 шақырым 10/0,4 кВ кабельді желілері ауыстырылды, 10/0,4 кВ трансформатор қосалқы станциялары жаңартылды (ғимарат қайта құрылып, электр құрылғылары ауыстырылды); облыс және қала бойынша 36,5 шақырым 0,4-10 кВ әуе желілері жаңғыртылды (жалаңаш сым желілер қорғаныш қабаты бар сым желілермен ауыстырылды); қала және облыс бойынша 35-220 кВ қосалқы 5 станцияның құрылғылары ішінара қайта құрылды; 30/10 кВ «Газораздатка» қосалқы станциясының блоктық-молульдік ғимаратында 10 кВ тарату қондырғысының құрылғысы ауыстырылды; 110 кВ әуе желісінде фарфор қорғаныш қабатын шыныға ауыстыру және газ тросын монтаждау жұмыстары аяқталды. 20 МВА трансформаторда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 110/35/10 кВ «Сергеевка» қосалқы станциясында жоғарғы вольтті өткізгіштер ауыстырылды; сондай-ақ, кәсіпорын аумағындағы май шаруашылығы қайта құру жұмыстары аяқталып, 10 сыртқа қондырылатын жиынтық трансформатор қосалқы станциясы және қуаты 4000 кВА және 6300 кВА болатын трансформаторлар алынды.
Компания және тұтынушылар үшін де ЭКЕАЖ-нің (Электр энергиясын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі) маңызы өте зор. Кәсіпорын бұл жүйені қолданысқа енгізуді энергияны үнемдеу бағдарламасы аясында қолға алған. Қазіргі таңда жаңа, заманауи технологиялар қолданылуда. Жалпы, ЭКЕАЖ-н 122 млн. теңгеге 2148 есеп нүктесінде орнату жоспарда бар.
Солтүстік Қазақстан облысы және Петропавл қаласы тұтынушыларына арналған тағы бір сыйды «Севказэнергосбыт» ЖШС қызметкерлері жасады. 2013 жылдың 14 желтоқсан күні, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында «Севказэнергосбыт» ЖШС толықтай жаңартылып, қайта құрылған Сервис орталығында тұтынушыларға қызмет көрсетуге арналған Байланыс орталығы өз жұмысын бастады.
Жаңа, заманауи Сервис орталық компания тұтынушыларына сапалы да жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі
Телефон: +7 (7152) 41-29-39
Факс: +7 (7152) 41-28-28
E-mail: Pr@sevkazenergo.kz
www.sevkazenergo.kz