Петропавлды құрсауына алып тұрған қатал аязға қарамастан, қаланы жылумен жабдықтау жүйесі қалыпты жұмыс жасап тұр. Бұл – қала тұрғындарының үйлері әрі жылы, әрі жайлы деген сөз. Алайда бұл үшін «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС мамандары қаншалықты күш жұмсап жатқанын олардың көбі біле бермейді.
Орташа есеппен алғанда, қаланың жылу желілері құрылғыларының 71%-ы әбден ескірген. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш тоқтаусыз өсіп барады. Ал сонымен бірге жылумен жабдықтау жүйесі құрылғыларының істен шығу оқиғалары да көбейіп жатыр. Оның үстіне сыртқы факторлардың әсері – солтүстіктің саршұнақ аязы, жерасты суларының биік деңгейі, ел бойынша ең ұзақ жылу беру маусымы – бәрі онсыз да ескіріп, бүгіннің өзінде қауіп төндіріп тұрған құрылғылардың істен шығуын одан сайын жылдамдатуда.
Осылайша, 2008 жылы кәсіпорында 199 істен шығу оқиғасы тіркелсе, бір жылдан соң көрсеткіш 293-ке, 2010 жылы 340-қа жетті. Мұндай жағымсыз статистиканы алға тарта отырып, «Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС 2011 жылдың наурызында Еуропалық Қайта құру және Даму Банкімен несие келісім-шартына қол қойды. Соған сай, банк Таза Технологиялар Қорымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы орталықтандырылған жылумен қамту жүйесін жаңғыртуға 16 млн. АҚШ долларын (2,4 млрд. теңге) бөлді. Бұдан бөлек, келесім-шартқа қол қойғанға дейін де жылу мамандары 10 жыл бойы инвестицияның құрамдас бөлігін тарифтік сметаға қосу арқылы құрылғылардың ескіруімен күресіп келген болатын. 2001-2013 жылдар аралығында инвестициялық бағдарлама аясында жылу жүйелерін жаңғырту және қайта құруға барлығы 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Қосымша инвестиция көзі – ЕҚДБ қарызы дәл осы бағытқа 2011-2013 жылы тағы 1,4 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлуге мүмкіндік берді.
Алайда тәжірибе көрсеткендей, кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы да, қосымша қаржы көзі ретінде тартылған ЕҚДБ қарызы да облыс орталығын жылумен қамту жүйесін толықтай жаңартуға мүмкіндік бермейді. 2011 жылы 289-ға, 2012 жылы 245-ке төмендеген істен шығу оқиғалары 2013 жылы қайтадан 453-ке күрт көтеріліп кетті.
«Петропавл Жылу Жүйелері» ЖШС мамандарының есебінше, құрылғылардың ескіруін тоқтатудың өзіне ғана жыл сайын шығыны 1,5 млрд. теңгені құрайтын 20 км желіні ауыстырып тұру керек. Осыдан-ақ, тарифтік ақшалардың, ЕҚДБ-нен тартқан қаражаттың жаңғырту жұмыстарын былай қойғанда, желілерді қалыпты жағдайда ұстап тұруға да жеткіліксіз екендігі айқын көрінеді. Ескірген құбырлар жөндеуге жарамсыз, олар тек ауыстыруды қажет етеді. Ал жаңа, оқшауландырылған, энергия үнемдеу мен энергия тиімділігінің барлық заманауи талаптарына жауап беретін құбырлар аз ақша тұрмайды. Мұның бәрі – тек құбырларға қатысты мәселелер. Ал мұның сыртында жылу желілерінің өзге құрылғылары – жылу пункттері, насос станциялары, жылу энергиясын есептеудің жетекші жүйесін енгізу ісі және басқа шаруаларды да ұмытпау керек қой.
Осылайша, бүгінгі таңда Петропавл қаласы жылумен қамту жүйесін қайта құру мәселесі күн тәртібінде тұр. Энергетиктердің, сондай-ақ, облыс орталығы жұртшылығының пікірінше де, бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – жеке кәсіпорын мен мемлекет әріптестігін жүзеге асыру мүмкіндіктерін іздеп табу болып табылады.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қоғаммен байланыс бөлімі