Ұлы Отан соғысы ардагері Татьяна Александровна Махова 93 жасқа келді. Бұл күні ардагерді туған күнімен құттықтап әріптестері қонаққа келді. Энергетиктерді осы ақ әжемен жүздесу қашанда қуанышқа бөлейді. Ал Татьяна Махова болса, өзі бастан кешкен қиын кезеңнің оқиғаларын дәл бүгінгі күнгідей әңгімелеп беруден жалыққан емес.
«Севказэнергосбыт» ЖШС директоры Мағауия Сағындықов пен кәсіпорынның кадр жөніндегі маманы Наталья Табачук өздерімен бірге әжейге арналған құшақ гүл, сый-кәде және мерекелік көңіл-күйді ала келді. Ардагер әже әр жылы өзінің құрметті қонақтарын кәмпит-пешеней, ыстық шайымен қарсы алуды дәстүрге айналдырған.
Татьяна Александровна 20 жасында өз еркімен майданға аттанды. 106-Гвардиялық полкінің құрамында бүкіл Еуропаны басып өтіп, Германияға дейін барған. Өзінің бүгінгі 93 жасында сол жылдардың әрбір сәтін анық еске түсіріп, әңгімелеп бере алады. Бауыры екеуінің әскери дайындықтың қатал мектебінен қалай өткендері, қару жасаудың шеберлік қырларын меңгергендері, кейін майдан шебінде ауыр, мұз қатқан оқ-дәрілерді тасудан қол-арқаның талғаны – бәрі-бәрі есінде.
Татьяна тіпті құпия хабарламаларды жеткізу сынды қатерлі арнайы тапсырмаларға да барып тұрған. Ал соғыстан кейін зауытта жұмыс жасап, елді қайта құруға атсалысады. Отбасын құрып, алапат жылдардан кейінгі бақыт құшағына бөленеді.
«Сіздер соғыстан кейінгі жылдардағы адамдарды көргендеріңізде ғой, – деп еске алады Татьяна Александровна. – Ол кездің адамдары бір-бірін шынайы сүйіп, шынайы құрметтей білетін. Әлбетте, олар дүниедегі ең басты нәрсе – адам өмірінің қаншалықты қымбат екенін көріп өсті ғой. Ұжымдар қандай еді?.. Соғыстан кейін біз аш адамдай жұмысқа ден қойдық. Бейбітшілік жолында, бақытты болашағымыз үшін еңбек еттік. Ал уақыт бізді сол сұрапыл жылдардың ауыр зардабынан алыстатқан сайын адамдардың да арасы алыстап, салқындап бара жатқанын сеземін. Сөйтемін де, көңіл-күйім түседі».
Татьяна Александровна жаңа заман жаңалықтарынан тыс қалмауға тырысады. Телеэфир хабарлары, газет ақпараттары – бәрін біліп отырады. Алайда экран бетіндегі тым қатігездік көріністері тағы ренжітеді. Ал таяуда ғана жарыққа шыққан «Сталинград» фильмін қызығып отырып көріп шыққан. Жақсы әсер беріпті. Онысы ақылға қонымды, Сталинград шайқасының басы-қасында болған жан үшін мұндай кинолардың орны бөлек. Татьянаның ұлы Белоруссияда, қызы Мәскеуде тұрады. Жиі қоңырау шалып, хат жазып, немере-шөберелерінің сәлемдерін жолдап отырады.
Татьяна Александровна «Севказэнергосбыт» ЖШС-інде 18 жыл бойы бақылаушы болып қызмет еткен. Жұмыс оңай емес, алайда соғыстың тезінен өткен жандар ешқашан жеңіл жол іздемеген де. Сондықтан Татьянаның өткен өміріне өкініші жоқ, қиындыққа да, қызыққа да толы. Ол бүгініне де разы – ешкім оны естен шығармайды, үйіне жиі бас сұғып, хал-жағдайын сұрап, қамқорлық танытып отырады. Бәрі сыйлайды, құрмет тұтады. Энергетиктер үйден шығарда әжеймен қош айтыспады. Өйткені алда 9 мамыр – Жеңіс күні келе жатыр. Сол күні олар бұл табалдырығы таныс боп қалған пәтерге тағы да бір құшақ гүлдерін алып, бас сұғады. Ал дастархан үстінде әдеттегіше ыстық шай мен әжейдің тәтті тіскебасарлары күтіп тұрмақ.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі