Солтүстік Қазақстан энергетиктері Электр энергиясы коммерциялық есебінің автоматтандырылған жүйесін (ЭЭКЕАЖ) қолданысқа енгізуді 2011 жылы бастап кетті. Электр энергиясы нарығында жетекші технологияны қолдану бүгіннің өзінде оң нәтижелерін беріп жатыр. «Солтүстік Қазақстан Электр желілерін Тарату Компаниясы» АҚ мамандары Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданы Бескөл ауылында 2383 есеп нүктесінде жаңа жүйені орнатып үлгерді.
Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында энергия үнемдеу мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Елбасы Жолдаудың төртінші басым бағытында айтып өткендей: «өндіріс пен тұрмыста жаңа технологиялар арқылы жаппай электр қуатын барлық жерде үнемдеуге қолдау көрсету қажет».
«Солтүстік Қазақстан Электр желілерін тарату Компаниясы» АҚ-нда көп жылдардан бері жаңа заманауи технологиялар мен энергиялық тиімділігі жоғары құрылғыларды қолданысқа енгізу арқылы электр энергиясы шығынын төмендету бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп келеді. Энергетиктердің энергия ресурстарын үнемдеуге аса көңіл бөлуінің жарқын үлгісі – ЭЭКЕАЖ құрылғылары болып табылады.
«Бірінші кезекте ЭЭКЕАЖ желідегі электр энергиясының шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Мәселен, Петропавл қаласының Робочий қыстағында 206 есеп нүктесін қамтитын ТП-229 трансформатор қосалқы станциясында ЭЭКЕАЖ құрылды. Ол электр энергиясының коммерциялық шығынын 6 есе қысқартып, электр энергиясының пайдалы өндірісін 16 %-ға арттырды. Мұндай нәтижелерге алдағы орнатылатын ЭЭКЕАЖ де жеткізеді деп күтіп отырмыз», – дейді «Солтүстік Қазақстан Электр желілерін Тарату Компаниясы» АҚ ПрезидентіАлександр Рейзлин.
Тұтынушылар үшін ЭЭКЕАЖ ешқандай кері әсер бермейтінін білудің маңызы зор. Керісініше, автоматтандырылған жүйе арқылы электр энергиясының есебін ұйымдастырудың артықшылықтары өте көп. Олардың қатарында:
- пайдаланылған энергия мен қуат ақысының азаюы (тәулік белдеулері бойынша сараланған тарифтерді қолдану арқылы);
- интернет арқылы мәлімет тарату (тұтынушыларды бақылаушылар араламайтындықтан, адам факторы қысқарып, электр энергиясының төлемақылары нақты болады) қызметтері бар.
Бұдан бөлек, ЭЭКЕАЖ құрылғылары толығымен энергетиктердің есебінен орнатылады. Ескі есеп құралдары жаңа, осы жүйеге лайықталып әзірленген арнайы есеп құралдарымен алмастырылады. Жаңа есеп құралдары үйдің алдында арнайы жабық қондырғының ішіне орнатылады. Сондықтан мұндай есеп құралдарына ешқандай ауа райы, тіпті, –40 суық пен, +40 ыстық, қар, бұршақ, жаңбыр да қауіп төндірмейді. Жүйені бұлайша қорғау есеп құралындағы көрсеткіште ауытқулар болуына жол бермейді.
Жаңа жүйе энергетиктердің де жұмысын жеңілдетеді. Пәтерлердегі электр есептегіштерінен мәлімет жинау көптеген қиындықтар тудырады. Мәселен, мәлімет жинайтын күні пәтер иелері үйде болмауы мүмкін не есеп құралының орналасқан жері қолайсыз болып, одан мәлімет алу мүмкін болмайтын жағдайлар да кездеседі. Ал ЭЭКЕАЖ құрылғыларын орнату арқылы бұл мәселелердің бәріне нүкте қойылады.
Экономикасы дамыған көптеген елдерде энергия тарату кәсіпорындарының барлық мәселелері тұрмыстық тұтынушыларға арнап ЭЭКЕАЖ құрылғыларын орнату арқылы шешіліп келеді. Мұндай жүйенің әлемдік лидерлері – АҚШ, Канада, Жапония, Франция, Израиль, Германия сынды мемлекеттер болса, Украина, Белоруссия, Бразилия сияқты дамушы елдер қазіргі таңда бұл жүйені сыннан өткізіп жатыр.
ЭЭКЕАЖ құрылғыларын орнатудың сәтті тәжірибесі қазақстандық энергетикалық компанияларда да бар. Айталық, Тараз электр жүйелерінің ЭЭКЕАЖ қолданысқа енгізуі нәтижесінде «Қарасу массиві» ауданында жылдық шығындар 33,87 %-дан 9,47 %-ға азайды. Сондай-ақ электр энергиясын есептеудегі ауытқушылықтар жайлы тұтынушылардың арыз-шағымдары да қысқарған.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі