Президент ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын ұсынғанда пайда табу, инвес-тициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу қағидатына негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматикалық көқарастар мен ұстанымдарды түбегейлі өзгерту талабын қойғаны белгілі. Осыған орай, елімізде экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы экономикалық ахуал құру, бұл саладағы белсенділікті арттыру, одан алынатын кірістілік пен қайтарымды молайту жолдары жан-жақты қарастырылып келеді. Индустрияландыру және экономикалық өсімсіз Қазақстанның болашағын көзге елестету қиын. Елбасының әр Жолдауы бұл мәселелерді айналып өткен емес. Ұзақ мерзімді бағдарламаларда мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру кешенді түрде қарастырылып, серпінділік даму жолымызда алдымен заманауи озық технологиялар мен әбден екшелген озық әдіс-тәсілдерге жүгінетіміз рас. Сол себепті, алға қойған мақсаттарға дәйекті де табанды түрде қадам басудың басты қағидаттары Мемлекет басшысы ұсынған институттық реформалар да жан-жақты қарастырылған. 52-қадамда электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу қазіргі ахуалды өзгертуге мүмкіндік берері сөзсіз. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, күрделі шығындарды қаржыландыру және электр энергиясы өндірісінің ауыспалы шығындарын жабу үшін пайдаланылатын электр энергиясы үшін төленетін ақы белгіленсе, мұның өзі тұтынушылар үшін де тиімді болар еді. Былтыр кәсіпорын қалпына келтіру шараларына 420 миллион теңге инвестиция жұмсады. Күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында 14,4 шақырым жылу желілері ауыстырылды. «Серіктестік кешенін техникалық қайта жаңғырту» бағдарламасы аясында 195 миллион теңге, Еуропа Қайта құру және даму банкі мен Таза технологиялар қорының қаражаты есебінен 543 миллион теңге бағытталды. Үлкен мөлшерде инвестиция құюдың нәтижесінде желілердегі технологиялық ауытқушылықтар 40 пайызға азайды. Алғаш рет кәсіпорын күшімен жылу құбырларының беріктігіне және тығыздығына гидравликалық сынақ жүргізіліп, өміршең тәжірибе ретінде танылды. Биыл №1 жылу торабы бойынша күрделі жұмыстар атқару үшін «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 800 миллион теңге бөлу ұйғарылды. Тұтастай алғанда, Петропавл қаласының жылу желілерін жаңғыртуға және қайта құруға 1,6 миллиард теңге тартылатын болады. Серіктестікке қарасты жылу желілері жабдықтарының тозуы 72 пайызды құрайды. Осыған орай, 2020 жылға дейінгі стратегиялық инвестициялық бағдарлама әзірленді. Ол бойынша 2017 жылдың соңына дейін нормадан жоғары шығындарды толығымен жоюды, ал 2020 жылы жылу қуатының нормативтік шығындар деңгейін 18 пайызға дейін азайту қарастырылған. Ал алдағы 5 жылда мемлекеттік бағдарлама аясында жылумен жабдықтау желілерін қайта құруға 17 миллиард теңге бөлу көзделген. Осындай ауқымды міндеттерді жүзеге асыруға 100 нақты қадам жәрдемдесетін болады.
Игорь РЫБАС,
«Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры. Солтүстік Қазақстан облысы.
Источник: республиканская газета «Егемен Қазақстан»
http://egemen.kz/2015/06/03/65057