№2 Петропавл жылу-электр орталығында №8 жаңа жылу агрегаты салтанатты түрде іске қосылды. Шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

Аталмыш агрегатты заман талабына сай жарақтандыру осыдан он жыл бұрын басталған болатын. Ескісін жаңаға алмастыру үшін кәсіпорын 2010 жылы Ресей Федерациясының Барнаул қаласындағы “Сибэнергомаш” акционерлік қоғамымен келісімге отырып, олардан жаңа қазандық алған. Бүгінде оны орнату жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа енгізілді.

– Елбасы Жолдауында энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларын жаңғырту міндеттері айқын көрініс тапқан. Біздің өңірімізде бұл тапсырма тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Оған жаңадан іске қосылған жылыту агрегатын мысалға келтіруге болады. Оны “СевКазЭнерго” компаниясы жекеменшік инвестиция арқылы жүзеге асырып отыр. Жаңа қондырғы қолданыстағы қазандықтардың қуаттылығын еселей түсері анық. Сонымен қатар ол жылына үш мың тонна көмір үнемдеуге мүмкіндік береді. Әрі ауаға зиянды қалдықтар шығару көрсеткіштері де ескісіне қарағанда анағұрлым аз. Жаңғырту жұмыстарын кәсіпорын алдағы уақытта да жүргізе бермек, – деді жаңа қондырғыны іске қосқан Ерік Сұлтанов.

Жобаның жалпы құны – 5,4 миллиард теңге. Оның үш жарым миллиарды кәсіпорынның өз қаржысы болса, қалғаны инвестициялық бағдарлама арқылы құйылған.

– Жаңа жылу агрегаты ендігі жерде станцияның бу қуатын сағатына 270 тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Былтырғы жылы №6, №7 қазандықтарды жаңғыртсақ, келер жылы №12 қазандықты жаңартуды жоспарлап отырмыз, – деді кәсіпорын директоры Виктор Бармин.

Іске қосылған жылыту агрегатының ескілерден айырмашылығы – оның автоматты түрде басқарылуында. Агрегаттың жұмысын оператор арнайы монитор арқылы бақылап отырады. Жүйеде қандай да бір ақау пайда бола қалса, ол да компьютер арқылы көрсетіледі. Мамандар: ол орын алған олқылықты уақтылы жоюға мүмкіндік береді әрі жөндеу жұмыстары барысында уақыт үнемдеуге де тиімді, дейді.

Бұдан бөлек, осы жылы аталмыш мекеме №1 турбинаны ауыстыру жұмыстарын да қолға алған. Жаңасы келер жылдың қазан айында қолданысқа енгізілмек. Ол станцияның қуаттылығын 21 МВт-ға ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Жоспарда бесінші турбинаны да заманауи қондырғыға алмастыру көзделген. Онда өндіріс көлемі тағы 62 МВт-ға артады екен.

Қос турбоагрегаттың жаңартылуы станцияның бу өндіру көлемін ұлғайтып, 2016 жылдың соңына қарай станция қуаттылығын 541 МВт-ға өсіруге жол ашпақ. Әзірге ол 434 мегаватты құрайды.

Елбасы Жолдауында көрсетілген жаңғырту бағдарламасы кәсіпорынның жағдайын жақсартуға мол мүмкіндік беретіндігін дәлелдеп отыр. Ал одан тұтынушылардың ұтпаса, ұтылмасы анық. Тұрғындар жарық пен жылудан тапшылық көрмейді. Алпауыт компанияның алдына қойған мақсаты – халықты өз өнімдерімен үздіксіз қамтамасыз ету.

Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Дереккөз: «Солтүстік Қазақстан» газеті, 03.12.2014 жыл.